Президент бірқатар конституциялық заңдарға қол қойды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
1. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңы
Құжат ҚР Президентінің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің құқықтық мәртебесін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
Заңның басты жаңалығы – Вице-Президент институтының құрылуы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-Президент мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүдделерін білдіреді және Президент айқындаған міндеттерді орындайды.
2. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңы
Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган. Партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл.
Органды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын Төраға басқарады.
3. «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заңы
Қазақстан Халық Кеңесі жоғары консультативтік орган саналады. Жалпыхалықтық диалогты және азаматтық қоғамның елдегі ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Кең ауқымдағы өкілеттікке, соның ішінде заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқығы бар.
Кеңес құрамында тепе-теңдік қағидаты негізінде этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің атынан 42 адамнан өкілдік етеді, оны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Халық Кеңесіне Төраға басшылық жасайды. Халық Кеңесінің өкілеттік мерзімі – төрт жыл.
4. «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заңы
Конституциялық заң астананың жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және оның қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін айқындайды.
5. «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» конституциялық заң
Конституциялық заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, әкімшілік-аумақтық бірліктерді есепке алу және тіркеу, атаулар беру мен атауларды өзгерту тәртібін айқындайды.


