Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты жағдай қоғамда қызу талқыланғанымен, сарапшылар бұл мәселені спорт жүйесіндегі дағдарыс емес, түсіндіру жұмыстарының әлсіздігінен туындаған дау деп бағалап отыр, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Мамандардың айтуынша, жалақыға қатысты түйткілдер тек спорт саласына тән емес. Мұндай жағдайлар бюджет қаражатының бөлінуі, құжат рәсімдеудің кешігуі немесе келісімшарт талаптарының өзгеруі салдарынан түрлі салаларда кездеседі.
Спорт сарапшысы Жанкелді Қаржанның пікірінше, даудың қоғам алдында өршуіне спорт ұйымдары арасындағы коммуникацияның жеткіліксіздігі себеп болған.
Оның айтуынша, мұндай мәселелер ең алдымен жауапты тараптардың өзара келіссөзі арқылы шешілуі керек.
Қазіргі таңда жауапты мекемелер жағдайдың бақылауға алынғанын мәлімдеп отыр. Сондықтан сарапшылар бұл дау жақын уақытта шешімін тауып, спортшының халықаралық жарыстарға дайындығына әсер етпеуі тиіс деп санайды. Сонымен қатар бұл жағдай спортшылар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыс тетіктерін жетілдіру қажеттігін тағы бір мәрте көрсеткені айтылуда.
Спорт журналисі Аслан Қаженовтің айтуынша, мұндай даулы жағдайлардың алдын алу үшін спорт ұйымдары мен спортшылар арасында ашық әрі нәтижелі байланыс орнату қажет. Оның пікірінше, көптеген келіспеушіліктер дер кезінде шешілмеген коммуникацияның салдарынан қоғам талқысына түсіп жатады.
Сонымен қатар, бұл оқиға шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының да назарын аударды. Нәтижесінде, бірқатар шетелдік сарапшылар мен жанкүйерлер Михаил Шайдоровтың болашақта басқа мемлекеттің атынан өнер көрсетуі мүмкін деген болжамдарын жариялай бастады. Бұл өз кезегінде қоғамда түрлі пікірлер мен талқылаулардың күшеюіне әсер етті.


