Халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшылар көпшілік үшін жай ғана атлет емес, қоғамға ықпал ететін тұлға саналады. Сондықтан олардың жетістігімен қатар айтқан сөзі, ұстанымы мен әрекеті де жұрт назарында болады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Михаил Шайдоровтың жалақы мәселесіне қатысты мәлімдемесі қоғамда қызу талқыланып, әлеуметтік желілерде әртүрлі пікірлердің пайда болуына себеп болды. Бір тарап спортшының өз құқығын қорғауға толық қақысы бар екенін айтса, екінші тарап мұндай мәселелерді алдымен жауапты мекемелермен талқылау қажет еді деген пікір білдірді.
Шын мәнінде, кәсіби спортта қаржыландыру мен төлемге қатысты мәселелер әлемнің көптеген елінде кездеседі. Алайда халықаралық деңгейдегі спортшылардың кез келген мәлімдемесі елдің спорт жүйесіне деген көзқарасқа әсер ететіндіктен, мұндай мәселелерді жария кеңістікке шығармас бұрын оның салдарын да ескерген жөн.
Спорт журналисі Аслан Қаженовтің пікірінше, ішкі мәселелерді шешуде ұйымдар мен спортшылар арасында тиімді диалог болуы аса маңызды. Оның айтуынша, спорттағы келіспеушіліктердің қоғам алдында дауға айналуы көбіне коммуникацияның әлсіздігінен туындайды.
Сондай-ақ бұл жағдайдың шетелдік ақпарат құралдарының назарын аударуы мәселенің ауқымын кеңейте түсті. Кейбір шетелдік сарапшылар мен жанкүйерлер тіпті Шайдоровтың басқа елдің намысын қорғауы мүмкін екендігі жөнінде пікір білдіре бастады. Бұл өз кезегінде қоғамда түрлі болжамдардың таралуына себеп болды.
Сондықтан чемпион спортшылар тек өз мүддесін ғана емес, елдік мүддені де ескеруге тиіс. Өйткені олардың әрбір сөзі мыңдаған жанкүйерге, жас спортшыларға және халықаралық қауымдастыққа әсер етеді.
Шайдоров оқиғасы бір ғана спортшының төлеміне қатысты дау емес. Бұл жағдай спорт саласындағы коммуникацияны жетілдіру, спортшыларды қолдау жүйесін күшейту және қоғаммен ашық жұмыс жүргізу қажеттігін көрсетті. Ең бастысы, мұндай мәселелердің барлығы өзара түсіністік пен кәсіби диалог арқылы шешілгенде ғана отандық спорттың беделі арта түседі.


