«Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бұған дейін қоғамда қызу талқыға түскен «Штрафстан» туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, бұл сөздің орынсыз айтылғанын мойындады деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Журналистердің сұрағына жауап берген депутат былтыр да осы мәселеге байланысты сын айтылғанын еске салып, өзінің қателігін түсінетінін жеткізді.
«Былтырғы жылы да осындай сөз шыққан кезде бұл сөздің дұрыс емес екенін мойындадым. Расында да парламент дөрекі сөйлемей, мәдениетті сөйлеуіміз қажет. Президент тек өзіме ғана емес, басқаларды да сынға алды. Бұл жұмыс, тіршілік. Президенттің сөзін сынақ ретінде қабылдап, ары қарай жұмыс істеуіміз қажет», — деді Азат Перуашев.
Оның айтуынша, айтылған пікір Қазақстанды кемсіту мақсатында емес, елдің өркениетті мемлекет ретінде дамуы туралы ойды жеткізу үшін айтылған.
«Мен өзімнің сөзімде де: «Біз Штрафстан емес, өркениетті мемлекетпіз» деп айттым», — деді мәжілісмен.


