АҚШ пен Қытай жарналарды кешіктіріп жатқандықтан, БҰҰ қаржылық қиындыққа тап болды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Тhe Wall Street Journal басылымының жазуынша, АҚШ БҰҰ-ға төлеуі тиіс бірнеше миллиард долларды әлі аудармаған. Сондай-ақ Вашингтон шығындарды қысқарту саясаты аясында ұйымның бірқатар бағдарламалары мен мекемелерінен, соның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрамынан шыққан. Қазір АҚШ-тың БҰҰ алдындағы берешегі 4 млрд доллардан асады.
Қытай да ұйымның қаржылық жағдайын қиындата түсті. Бейжің БҰҰ-ға 445 млн доллар қарыз болып отыр. WSJ дерегінше, БҰҰ негізгі бюджетінің 42%-ы АҚШ пен Қытайдың жарналары есебінен қалыптасады.
Қытай өз міндеттемелерін толық орындайтынын, ал АҚШ болашақтағы қаржылай қолдау шығындарды қысқарту шараларына байланысты болатынын мәлімдеді.


