«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Талғат Алдыбергенов ай сайын шамамен 1,5 миллион теңге жалақы алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Соңғы уақытта ұлттық компаниялар жетекшілерінің табысы қоғамда кең талқыланып жатыр. Әсіресе миллиардтаған сыйақылар мен жоғары жалақы көлемі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырған.
Осыған байланысты журналистер ҚТЖ басшысынан өзінің айлық табысы туралы сұраған. Алдыбергеновтің айтуынша, оның ресми жалақысы шамамен 1,5 млн теңгені құрайды.
Бұған дейін ҚТЖ-ның топ-менеджерлеріне 2025 жылы төленетін сыйақы көлемі 1,036 миллиард теңге болатыны хабарланған еді. Бұл ақпарат қоғамда үлкен резонанс туғызған.
Алайда компания басшысы аталған қаражат тек басқарма мүшелеріне ғана емес, директорлар кеңесінің өкілдеріне де бөлінетінін түсіндірді. Оның сөзінше, жалпы сыйақы 19 адам арасында үлестіріледі.
Айта кетейік, соңғы жылдары ұлттық компаниялар басшыларының табысы мен қарапайым азаматтардың жалақысы арасындағы айырмашылық қоғамда жиі сынға ұшырап келеді.


