Белгілі дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы Құрбан айт мерекесіне дайындық пен құрбандық шалу тәртібіне қатысты пікір білдіріп, тұрғындарды қаржылық қиындыққа ұрынбауға шақырды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Имамның айтуынша, Құрбан айт күні ең алдымен айт намазы оқылып, кейін құрбандық шалу рәсімі орындалады. Шалынған малдың еті әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге таратылуы тиіс.
Ол бұл мейрамның тек діни рәсім ғана емес, ел ішіндегі бірлік пен мейірімді күшейтетін маңызды күн екенін атап өтті.
Сондай-ақ Нұрлан имам биыл мал бағасының айтарлықтай қымбаттағанын айтып, әр отбасы құрбандықты өз мүмкіндігіне қарай орындауы қажет екенін жеткізді.
— Көп адам қарызға кіріп кетпегені дұрыс. Қарызы барлар қосымша қарыз алмауы керек. Құрбандықтан бөлек те сауапты амалдар көп: бауырмалдық, кешірім, мейірім, көмектесу, ұлттық киім кию, тазалық сақтау, ағаш отырғызу, — деді ол.
Имамның бұл сөзі әлеуметтік желіде кең талқыланып, қоғамда түрлі пікір тудырды.


