Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Украина аумағына жаңа ауқымды шабуыл жасауға дайындалып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, шабуыл кезінде «Орешник» атты орта қашықтықтағы баллистикалық зымыран қолданылуы мүмкін, деп хабарлайды Sayasatlive.kzпорталы.
Зеленскийдің сөзінше, Украина барлау қызметі, сондай-ақ АҚШ пен Еуропа елдерінен алынған ақпараттар Ресей армиясының біріккен соққыға әзірленіп жатқанын көрсетіп отыр.
“Украинаға, соның ішінде Киевке қарсы түрлі қару түрлерімен жаппай шабуыл жасау белгілері байқалады. Мұндай шабуыл барысында орта қашықтықтағы «Орешник» зымыраны қолданылуы ықтимал”, — деді Украина президенті.
Сонымен қатар, АҚШ-тың Украинадағы елшілігі қауіпсіздікке байланысты арнайы ескерту жариялады. Елшілік алдағы 24 сағат ішінде Украинада ірі әуе шабуылы болуы мүмкін екенін хабарлаған.
Дипломатиялық өкілдік АҚШ азаматтарына әуе дабылы кезінде бірден қауіпсіз жерге жасырынуға дайын болуға кеңес берді.
Айта кетейік, Зеленский жариялаған мәліметтер әзірге тексеріліп жатыр.


