WADA конгресі 2027 жылы Астанада өтуі мүмкін

Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) 2027 жылғы маңызды конгресін Астанада өткізуді жоспарлап отыр. Бұл мәселе Қазақстан мен WADA басшылығы арасындағы кездесуде талқыланды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Қазақстан соңғы жылдары допингке қарсы халықаралық стандарттарды енгізу және «таза спорт» қағидаттарын дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Министрлік спорттағы әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін допингке қатысты құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік саясатын ұстанатынын атап өтті. Осыған байланысты Допингке қарсы ұлттық орталық халықаралық талаптарға сәйкес ережені бұзған спортшылар туралы ақпаратты жариялап келеді.

Биыл наурыз айында жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионаты кезінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Құжат допингтің алдын алу, білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.

— Қазақстан Орталық Азияда таза спорт мәдениетін дамытуда маңызды рөл атқарады, — деді WADA президенті Витольд Банька.

Кездесу барысында тараптар 2027 жылы Астанада WADA Атқарушы комитеті мен Құрылтай кеңесінің отырыстарын өткізу мүмкіндігін де қарастырған.

Ұқсас ақпараттар