Президент атынан мәдениет қайраткерлеріне 60 пәтер мен мемлекеттік наградалар табысталды

Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында сала өкілдеріне Президент атынан 60 пәтердің кілті мен мемлекеттік наградалар табысталды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, Мемлекет басшысының атынан мәдениет саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Министр өз сөзінде бұл марапаттар мәдениет пен өнер өкілдерінің ел руханиятын дамыту жолындағы қажырлы еңбегіне берілген жоғары баға екенін атап өтті.

— Мемлекет басшысының қолдауы тек марапатпен шектелмейді. Сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, соның ішінде тұрғын үй мәселесін шешу бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, былтыр Астанада басталған тұрғын үй беру бастамасы биыл Алматыда жалғасын тапқан. Нәтижесінде театр, музыка, білім, кітапхана, архив, музей, әдебиет және мәдениет мекемелерінде еңбек ететін 60 маман баспаналы болды.

Сонымен қатар Президент Жарлығымен мәдениет саласының 13 өкілі мемлекеттік наградалармен және құрметті атақтармен марапатталды. Жоғары марапаттар театр, музыка, хореография, әдебиет және ғылым салаларында еңбек етіп жүрген қайраткерлерге табысталды.

Ұқсас ақпараттар