Қазақстанда дүниеге келген америкалық дипломат Әсел Робертс АҚШ-тың Словениядағы елшісі болып ресми түрде тағайындалды. Оның кандидатурасын АҚШ Сенаты қолдап, дауыс беру нәтижесінде бекітті. Осылайша ол АҚШ тарихындағы қазақ ұлтынан шыққан алғашқы әйел елші атанып отыр, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Әсел Робертс Алматыда туып-өскен. Кейін отбасымен бірге АҚШ-қа көшіп, халықаралық дипломатия саласында мансап құрған. Ол ұзақ жылдар бойы АҚШ Мемлекеттік департаментінде қызмет етіп, бірнеше президент әкімшілігімен жұмыс істеген тәжірибелі маман ретінде танылған.
Жаңа қызметінде Робертс АҚШ пен Словения арасындағы экономикалық және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге басымдық беретінін айтқан. Сондай-ақ ол Словенияны Еуропадағы маңызды серіктестердің бірі ретінде бағалайтынын жеткізді.
Әсел Робертс бірнеше тілді меңгерген. Соның ішінде қазақ, орыс және жапон тілдерінде еркін сөйлейді. Оның бұл жетістігі шетелдегі қазақ қауымы үшін де маңызды тарихи оқиға ретінде бағаланып жатыр.
