Парламент Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты заң жобаларын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Құжатта бір палаталы жаңа заң шығарушы орган – Құрылтайдың конституциялық-құқықтық мәртебесі бекітілген. Сонымен бірге оның мемлекеттік билік жүйесіндегі орны, жұмыс істеу қағидаттары, құрылымы, жасақталу тәртібі және өкілеттіктерін жүзеге асыру тетіктері нақты көрсетілген.
Жаңа парламент 5 жылға сайланатын 145 депутаттан құралады. Заңда депутаттардың құқықтары мен міндеттері, мәртебесі, депутаттық бірлестіктерді құру ережелері, парламенттік көпшілік пен оппозиция институттары, сондай-ақ депутаттық әдеп талаптары қарастырылған.
Бұдан бөлек, заң шығару бастамасына ие субъектілердің тізімі кеңейеді. Енді Қазақстан Халық Кеңесі де арнайы шешім арқылы Құрылтай қарауына заң жобаларын ұсына алады.

