Қазақстанда 12 шілдеден бастап әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйді жалға алу субсидиясына қатысты жаңа бақылау ережелері күшіне енеді. Енді әкімдіктер мемлекет есебінен жалдап отырған пәтерлерде азаматтардың шынымен тұратынын тексеруге құқылы болады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Жаңа тәртіп әлеуметтік көмек алатын азаматтарды бақылауды күшейтуді көздейді. Яғни, мемлекеттен жалдау ақысының бір бөлігін алып отырған адамдардың көрсетілген мекенжайда нақты тұрып жатқан-тұрмағаны тексеріледі.
Бағдарлама аясында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға пәтер жалдау құнының 50 пайызға дейінгі бөлігі субсидияланады. Алайда соңғы жылдары бюджет қаражатын заңсыз алу, жалған құжат тапсыру және жалған тіркеу арқылы көмек рәсімдеу жағдайлары көбейген.
Осыған байланысты әкімдіктерге қосымша бақылау тетіктері беріліп отыр. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл шара мемлекеттік көмектің шын мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз ету үшін енгізілмек.

