Синоптиктер 5 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялап, Қазақстанның басым бөлігінде қолайсыз метеорологиялық құбылыстар болатынын ескертті деп хабарлайды sayasatlive.kz «Қазгидромет» орталығына сілтеме жасап.
Астанада бүгін күннің екінші жартысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп күтілуде. Елордада желдің екпіні күндіз 15-20 м/с дейін күшеймек.
Елдің батыс және солтүстік өңірлерінде ауа райы айтарлықтай күрделене түседі. Қостанай, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында найзағай ойнап, кей жерлерде қатты жаңбыр жауады, сондай-ақ бұршақ түсіп, дауыл тұруы мүмкін.
СҚО-да желдің жылдамдығы кей уақытта секундына 25 метрге дейін жетеді деп болжануда. Атырау және Маңғыстау облыстарында да тұман түсіп, найзағай мен қатты жел сақталады.
Оңтүстік аймақтар мен таулы аудандарда, атап айтқанда Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Ал Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында түнде 1-2 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал.
Еске салайық, республиканың оңтүстік, орталық және солтүстік-батыс аймақтарындағы бірқатар облыстарда жоғары өрт қаупі әлі де сақталып отыр.

