Ел аумағының басым бөлігінде қолайсыз ауа райы күтіледі: найзағай жарқылдап, өткінші жаңбыр жауады және желдің екпіні күшейеді деп хабарлайды sayasatlive.kz «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Елордада 2 мамырға қараған түні аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с жетеді деп болжануда. Алматы мен Шымкентте де жағдай ұқсас: күндіз өткінші жаңбыр жауып, желдің күші 15-20 м/с дейін көтеріледі. Шымкентте жауын-шашын таңертеңнен басталмақ.
Оңтүстік өңірлерде табиғаттың мінезі қатаң болмақ. Түркістан облысының таулы аудандарында қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсуі мүмкін. Жамбыл облысында да дауыл тұрып, бұршақ жауады деп күтілуде. Сонымен қатар бұл аймақтарда өрт қаупі де жоғары болып қала береді.
Солтүстік және орталық облыстарда жауынмен қатар үсік жүруі ықтимал. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында түнде термометр бағаны 1-2 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді. Павлодар облысында жаңбыр мен найзағайдан бөлек, бұршақ жаууы мүмкін, ал желдің жылдамдығы 23-28 м/с дейін жетеді.
Батыс аймақтарда, атап айтқанда Маңғыстау облысында шаңды дауыл тұрады деп болжануда. Атырау және Ақтөбе облыстарында да найзағай ойнап, жел күшейеді. Елдің шығысында, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жауын-шашынмен бірге жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылорда мен Ұлытау облыстарының тұрғындарына да найзағай мен желдің күшеюіне байланысты сақ болу ескертілді.

