Өскеменде аса ірі көлемде есірткі сақтаған қала тұрғыны қолға түсті, деп хабарлайды sayasatlive.kz ІІМ-не сілтеме жасап.
Облыстық прокуратурамен бірлесіп жүргізілген арнайы операция кезінде 27 жастағы азамат күдікке ілінген. Тәртіп сақшылары оның гаражын тінткенде, нағыз есірткі қоймасының үстінен түсті. Онда өсімдік салынған екі қорап пен іші марихуанаға толған 120 литрлік алты пластик бөшке жасырылған екен. Сондай-ақ есірткіні буып-түюге арналған материалдар да тәркіленді.
Сараптама қорытындысы бойынша, гараждан табылған заттың жалпы салмағы 93 келіден асатын кептірілген марихуана екені расталды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске салайық, есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау немесе өткізу үшін мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. ІІМ заң бұзғандарға қатаң жауапкершілік барын ескертеді.































