Ауылға қолдау нәтиже берді, енді дәрігер қалада жетпей тұр

Дәрігер тапшылығының 79%-ы қалада. Ауылға 8,5 млн теңге төленіп жатқанда, қалалар неге назардан тыс қалды?

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық кадрлар тапшылығы 20,4%-ға азайды деп хабарлағанымен, негізгі мәселе ауылдық жерлерде емес — қалалық ауруханалар мен емханаларда шоғырланған.

Ресми деректер көрсеткендей, ел бойынша барлығы 3869 дәрігер жетіспейді. Оның тек 821-і ауылға керек. Қалған 3048-і, яғни 79%-ы қалалық ауруханалар мен емханалардың үлесінде.

Бұл көрсеткіш ойландырады. Соңғы жылдары мемлекеттің басты назары ауыл медицинасына аударылды. Акушер-гинеколог, педиатр, анестезиолог және реаниматолог сияқты тапшы мамандар ауылға барған жағдайда 8,5 миллион теңге бір реттік төлем алады. Оған қоса қызметтік баспана және коммуналдық шығындар өтеледі.

Осының арқасында ауылдағы дәрігер аздығы 26,7%-ға кеміді. Ал қалалық мекемелер үшін мұндай арнайы қолдау жоқ.

Ел халқының 63-64%-ы қалаларда тұратынын ескерсек, мегаполистер мен облыс орталықтарындағы жүктеме әлдеқайда ауыр. Сондықтан науқастардың кезегі мен дәрігерлердің жұмыс қысымы осы жерде көбірек сезіледі.

Дегенмен, оң өзгерістер де бар. Соңғы бес жылда шетелге кететін дәрігерлер саны 5 есеге азайды: 2021 жылы 904 адам болса, 2025 жылы 186 адамға дейін түсті. Қазір 10 мың тұрғынға 41 дәрігер келеді — бұл Ұлыбританиядағы 34 пен Эстониядағы 35-тен жоғары.

Сонымен қатар дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру және оларға күш көрсеткендер үшін жазаны қатаңдату туралы заңдар қабылданды. Бұл шаралар жалпы кадр мәселесін шешуге септігін тигізіп отыр.

Министрлік ауылдық денсаулық сақтауды айтарлықтай жақсартқанымен, елдің басым бөлігі тұратын қалалардағы 3 мыңнан астам бос орынның орнын толтыру мәселесі әлі күнге өзекті болып тұр. Қалалық медицина жүйесі де дәл осындай жүйелі қолдауды қажет етеді.

Ұқсас ақпараттар