Қазақстанда неонаталдық өлім-жітім деңгейі 1000 тірі туғанға шаққанда 3,9-ды құрап, тарихи ең төменгі көрсеткішке түсті, деп хабарлайды sayasatlive.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дүниежүзілік банк, ДДҰ және ЮНИСЕФ мамандары дайындаған есепке сәйкес, бұл – Орталық Азиядағы ең үздік нәтиже. Қазақстан бұл бағытта тіпті дамыған елдердің деңгейіне жақындады. Мәселен, АҚШ-та бұл көрсеткіш 3,7-ні құраса, біздің елдегі қазіргі жағдай осы деңгеймен іс жүзінде теңесті. Соңғы 10 жыл ішінде елімізде неонаталдық өлім-жітім екі есеге төмендеп, медицинаның ілгерілеуін көрсетті.
Бүгінде Қазақстанның медициналық орталықтарында салмағы небәрі 500 грамнан басталатын нәрестелерді аман алып қалу мүмкіндігі бар. Заманауи технологиялардың арқасында мұндай балалардың өмір сүру көрсеткіші төрт есеге артқан. Жыл сайын елімізде 20-22 мыңға жуық шала туған бала дүние есігін ашады, бұл жалпы босану санының 5 пайызын құрайды.
Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елімізде балалар денсаулығын бақылайтын төрт түрлі скрининг (неонаталдық, аудиологиялық, офтальмологиялық және даму скринингі) жүйесі толық іске қосылғанын хабарлаған болатын.
































