Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздегі өрт қауіпсіздігіне байланысты азаматтарға маңызды ескерту жасады. Ведомство мамандары тілсіз жаудың алдын алу үшін қарапайым ережелерді қатаң сақтауды сұрайды деп хабарлайды sayasatlive.kz.
ТЖМ баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, өрт қаупінің алдын алу үшін ең алдымен үй маңын құрғақ шөп пен қоқыстан тазарту қажет. Әсіресе, табиғат аясына шығатын демалушылар үшін қауіпсіздік шаралары басты назарда болуы тиіс. Министрлік мамандары демалыс кезінде өзіңізбен бірге су, өрт сөндіргіш немесе күрек сияқты алғашқы көмек құралдарын ала жүруге кеңес береді.
Сонымен қатар, құтқарушылар арнайы белгіленбеген жерлерде от жақпауды және балаларға отпен ойнаудың зардабын түсіндіруді ескертеді. Кез келген от жағу процесі белгіленген нұсқаулықтарға сай орындалуы тиіс.
Министрлік өкілдері бұл қарапайым ережелерді сақтау — әрбір азаматтың табиғатты қорғауға және төтенше жағдайлардың алдын алуға қосқан үлесі екенін еске салды. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Еске салайық, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған тұлғаларға қатысты заң аясында әкімшілік шаралар қарастырылған.


