Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасын көтеруді тоқтата тұру туралы әңгіме жоқ. Мәжілісте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай әйелдердің зейнет жасы бәрібір ерлермен теңесетінін (63 жасқа дейін) кесіп айтты деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Шегайдың сөзінше, қазіргі үзіліс уақытша ғана. Неғұрлым көп жұмыс істесең, зейнетақың да соғұрлым көп болады дегенді алға тартқан шенеунік, жас ұлғайту процесі заң бойынша жалғаса беретінін жеткізді. Яғни, билік тарапынан 2028 жылдан кейін де жеңілдік жасау немесе мораторийді ұзарту мәселесі тіпті қарастырылып та жатқан жоқ. Биыл бұл тақырып күн тәртібіне де енбеген.
Жұмыссыз қаламыз ба деп қорықпаңыздар дегендей, вице-министр «Күміс жас» бағдарламасын еске салды. Мемлекет жасы келген әйелдерді жұмысқа алған компанияларға жалақының бір бөлігін төлеп, көмектеспек. Сондай-ақ мамандығын ауыстырамын деушілерге оқу курстары да қарастырылған.
Еске салайық: Қазір әйелдер 61 жаста зейнетке шығып жүр. Бұл жеңілдік 2027 жылдың соңына дейін ғана күшінде. Ал 2028 жылдан бастап зейнет жасы қайтадан көтеріле бастайды: алдымен 61,5 жас, одан кейін жыл сайын қосылып отырады. Осылайша, 2031 жылы әйелдер де ерлер сияқты 63 жасқа толғанда бір-ақ зейнетке шығатын болады.

