Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратурамен және TELE2 операторының мамандарымен бірлесіп, ірі алаяқтар тобын қолға түсірді. Бұл – ТМД елдерінде осындай схема тұңғыш рет әшкереленіп отыр деп хабарлайды sayasatlive.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қылмыскерлер адам көп жиналатын базарлар мен сауда орталықтарының маңына арнайы «SMS-бластер» құрылғысын орнатқан. Бұл жабдық ұялы байланыс станциясы сияқты жұмыс істеп, 300 метр радиустағы телефондарды алдап, өз желісіне қосып алған. Содан кейін сағатына 100 мыңға дейін жалған SMS жіберген.
Хабарламалар көбіне Beeline немесе Halyk Bank атынан келген. Онда «бонустарыңызды тиімді айырбастаңыз» деген ұсыныс болып, сілтеме тұрған. Сілтемеге өткен адамдар телефон нөмірін, аты-жөнін, карта деректерін, CVV-кодты және тіпті SMS-растау кодын өздері енгізіп жіберген. Осылайша алаяқтар банктік шотқа толық қол жеткізген.
Алаяқтар іздерін жасыру үшін құрылғыны көлікке салып, қаланы аралап жүрген.
Жедел шаралардың арқасында топ әрекетінің басында-ақ ұсталды. Қазір төрт күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға цифрлық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс сайттарға жеке деректерді енгізбеу және кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру қажет. Банк қызметкерлері немесе байланыс операторлары ешқашан құпия кодтарды SMS арқылы сұрамайтынын ұмытпаған абзал.


