Алматыда үш адамның өмірін қиған атышулы жол апатына қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірген блогер әрі заңгер Әділетхан Молдахан тағы екі айға қамауға алынды. Бұл туралы оның туысы Дәулетхан Ахметов хабарлап, биліктен әділдік пен бостандық талап етті. Миллионнан астам оқырманы бар блогер наурыз айының соңында «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікпен ұсталып, алдымен 10 күнге қамалған болатын, деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Даудың басы Әділетхан Молдаханның 21 наурызда әл-Фараби даңғылында болған қайғылы оқиғадан кейінгі жазбасынан басталды. Ол өз постында түнгі қаладағы автокөлік жарыстарын ұйымдастыруға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деген болжам жасаған еді. Алайда полиция бұл мәлімдемені шындыққа жанаспайды деп танып, заңгерді жауапқа тартты.
Заңгердің туыстары әлеуметтік желіде «Молдахан Әділетхан інімнің қамалуы 2 айға не үшін созылды? Әділетті Қазақстанда әділдік қайда? Бостандықты талап етемін!» деп жазып, наразылық білдіріп отыр. Сонымен қатар желіде Әділетханды қолдап видеоүндеулер жолдап жатқандардың да қарасы көп.
Бұл жол апаты қоғамда үлкен резонанс тудырып, іске ықпалды тұлғалардың қатысы бар деген күдікті күшейтті. Халықтың қысымынан кейін Ішкі істер министрлігі Алматы полициясындағы бірқатар басшыларды қызметінен босатып, мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру фактілері бойынша бөлек қылмыстық істер қозғады. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі істі объективті тергеуді тапсырып, процесс министр Ержан Сәденовтің жеке бақылауына алынды.
Қазіргі таңда апатқа себепкер болған жүргізуші тергеу абақтысында отыр. Тергеу мәліметінше, ол оқиға кезінде мас күйінде болып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Сонымен қатар, Бас прокуратура әлеуметтік желілердегі «цифрлық қауесеттерге» қатысты қатаң ескерту жасап, жалған ақпарат таратқан авторлардың жауапкершіліктен қашып құтыла алмайтынын мәлімдеді. Бұл жағдай қоғамда сөз бостандығы мен заң алдындағы жауапкершілік туралы қызу пікірталас тудырып отыр.


