Дүниежүзілік өркениетті жойып жібере жаздаған екі алпауыттың текетіресі Пәкістанның араағайындығымен уақытша тоқтады. Вашингтон мен Тегеран арасындағы екі апталық бітім соғыстың аяқталуы емес, тараптардың «тактикалық үзілісі» мен дипломатияға берілген соңғы мүмкіндік секілді.
Күні кеше ғана «тұтас өркениеттің жойылатынын» айтып, әлемді дүр сілкіндірген АҚШ президенті Дональд Трамптың риторикасы кенеттен өзгерді. Ол Тегераннан 10 тармақтан тұратын ұсыныс түскенін және оны «келіссөз бастауға болатын негіз» деп санайтынын мәлімдеді.
Ақ үй басшысының айтуынша, Иран тарапы оған жойқын соққыларды тоқтата тұруды өтінген. Трамп бұған жауап ретінде өзінің қатаң шартын қойды:
«Иран Ислам Республикасы Ормуз бұғазын толық, дереу және қауіпсіз түрде ашуға келіссе, мен де Иранға шабуылдау мен бомбалауды екі апталық мерзімге тоқтатуға келісемін», – деп жазды АҚШ президенті әлеуметтік желідегі парақшасында.
Дүниежүзілік мұнай мен газ тасымалының 20 пайызы өтетін бұл нүктенің ашылуы – жаһандық энергетика нарығы үшін өмірлік маңызы бар мәселе. Атлант кеңесінің аға сарапшысы Алекс Плитсастың пікірінше, қазір доп Иранның алаңында: «Президент бітім Иранның бұғазды ашуына байланысты деген соң, қазір барлығы Иранға қарап отыр».
Иран СІМ басшысы Аббас Арақчи бітімді растап, қауіпсіздік кепілдігі берілсе, қарымта соққылардың тоқтайтынын жеткізді.
«Ормуз бұғазындағы қауіпсіз қатынау екі апталық мерзімге ашылады. Бұл Иран қарулы күштерімен келісу арқылы және техникалық шектеулерді ескере отырып іске асырылады», – деді министр.
Десе де, сарапшылар арасында күмән басым. «Ядролық Иранға қарсы біріккендер» ұйымының саясат жөніндегі директоры Джейсон Бродский бұл үзілістің беріктігіне сенімсіздік білдірді.
«Меніңше, Трампта жағдайды ушықтыру мүмкіндігі әлі де бар. Шабуылдау жоспарлары әзірленіп қойған. Бұл әскери қауіп әлі де бар» — , деді саясаткер.
Рим папасы XIV Лео бастаған әлемдік лидерлер азаматтық инфрақұрылымды нысанаға алмауға шақырса, АҚШ сенаторы Джинн Шахин дипломатияны «алға жылжудың жалғыз жолы» деп атап отыр.
«Мәселені шешудің жалғыз кілті – дипломатия. Біз серіктестерімізбен бірлесіп, қақтығысты түбегейлі аяқтауға және Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеуге бар күшімізді салуымыз керек» – деді сенатор мәлімдемесінде.
28 ақпанда басталған бұл соғыс қазірдің өзінде орны толмас шығындарға әкелді. Иранның жоғарғы рухани көсемі Әли Хаменеи мен бірқатар шенеуніктер қаза тауып, АҚШ 13 әскери қызметкерінен айырылды. Энергетикалық дағдарыс әлемдік экономиканы есеңгіретіп тастады.
Екі апталық уақыт – дипломаттар үшін өте қысқа мерзім. Егер Тегеран мен Вашингтон осы аралықта ортақ тіл таба алмаса, «өркениеттің жойылу» қаупі қайтадан күн тәртібіне шығуы мүмкін. Қазіргі таңда Иранның 10 тармақтық жоспары мен АҚШ-тың 15 тармақтық талаптары арасындағы қайшылықтар бітімнің болашағын бұлыңғыр етіп тұр.
































