Әлемдік энергия нарығы бұрын-соңды болмаған алапат дағдарыстың алдында тұр, тіпті Халықаралық энергетика агенттігінің басшысы Фатих Бирол бұл жағдайды тарихтағы ең ірі мұнай күйзелістерінен де қауіпті деп бағалады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Оның айтуынша, Ирандағы соғыс салдарынан Ормуз бұғазының жабылып қалуы әлемдік мұнай мен газ тасымалының 20 пайызын бір-ақ күнде бұғаттап тастады.
«Дүниежүзі бұған дейін энергия ресурстарының мұндай ауқымда тоқтап қалуын көрген емес, қазіргі жағдай 1973, 1979 және 2002 жылдардағы мұнай дағдарыстарын қоса есептегеннің өзінде әлдеқайда ауыр»,- деп дабыл қақты Бирол мырза Le Figaro басылымына берген сұхбатында.
Әсіресе, мұнай мен газ бағасының шарықтауы Еуропаға ауыр тиетінін, ал жанармай құнының қымбаттауынан туындайтын азық-түлік дағдарысы ең алдымен дамушы елдердің еңсесін басып кетуі мүмкін екенін ескертті.
Қысылтаяң шақта отқа май құйғандай болған АҚШ президенті Дональд Трамптың соңғы ультиматумы нарықты тіптен дүрліктірді. Ол Иран билігіне сейсенбі күні кешкі сағат 20:00-ге дейін (Вашингтон уақытымен) соңғы мерзім белгілеп, егер бұғаз ашылмаса, елдің бүкіл инфрақұрылымын, атап айтқанда электр станциялары мен көпірлерін «төрт сағаттың ішінде» талқандайтынын айтып, ашық сес көрсетті.
«Егер олар келісімге келмесе, Иранды қайта қалпына келтіру үшін 20 жыл аздық етеді, тіпті оларда мемлекет те қалмауы мүмкін»,- деп мәлімдеді Трамп.
Бұл мәлімдемеден кейін қара алтынның құны бірден 111 доллардан асып, сарапшылар бағаның 150 долларға дейін шарықтауын болжап отыр.
Иран тарапы бұл қысымға иіле қойған жоқ. Президент Масуд Пезешкиан 14 миллион отандасымен бірге осы соғыста құрбан болуға дайын екенін айтып, АҚШ-тың уақытша келісімінен бас тартты. Осылайша, әлемдік экономиканың тамыры саналатын Ормуз бұғазындағы жағдай тек саяси шиеленіс емес, жаһандық деңгейдегі апаттың бастауына айналуы мүмкін. Сарапшылар әсіресе, жанармай құнының қымбаттауынан туындайтын азық-түлік дағдарысы ең алдымен дамушы елдердің еңсесін басып кетуі мүмкін екенін айтып жатыр.
































