2026 жылы қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?

Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 22 мыңнан астам адам біліктілікті арттыру және жаңа мамандықтарды игеру мақсатында кәсіптік оқумен қамтылды. Бұл туралы sayasatlive.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қысқа мерзімді оқыту курстары жұмыссыз азаматтарға небәрі бірнеше ай ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінгі таңда нарықта аспаз (78 адам), тігінші (50 адам) және бухгалтер-кассир (28 адам) мамандықтарына сұраныс жоғары. Сондай-ақ шаштараз, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі мен маникюр шеберлері де қажетті кадрлар қатарында.

Оқыту процесі негізінен оқу ұйымдарында, тікелей жұмыс берушілердің базасында және Skills Enbek порталы арқылы онлайн форматта ұйымдастырылады. Айта кетерлігі, 21,6 мың жұмыссыз азамат онлайн оқуды таңдаған.

Өңірлік бөліністе Ақтөбе облысы көш бастап тұр, мұнда 2,6 мың адам оқуға жолданды. Одан кейінгі орындарда Шымкент қаласы (2,3 мың адам), Түркістан мен Қызылорда облыстары (1,6 мың адам) және Қостанай облысы (1,5 мың адам) орналасқан.

Еске салайық, кәсіптік оқудан өтетін азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі: оқу ақысы төленіп, стипендия немесе жалақы беріледі. Сондай-ақ жол жүру шығындары өтеліп, басқа өңірде оқитындар үшін тұрғын үй жалдауға материалдық көмек қарастырылған. Оқуға жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына немесе ауылдық округ әкімдеріне жүгіну қажет.

Ұқсас ақпараттар