Иран бір күн ішінде АҚШ-тың екі әскери ұшағын атып түсірді. Бұл туралы Американың бірқатар БАҚ өкілдері мен шетелдік басылымдар жазды деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Мәліметтерге сәйкес, атып түсірілген ұшақтардың бірі – екі орындық F-15E жойғышы. Экипаж мүшелерінің бірі құтқарылды, ал екінші ұшқыштың тағдыры әзірге белгісіз. Кейбір дереккөздер ирандық әскерилер катапультпен секірген америкалық ұшқышты тұтқынға алуы мүмкін екенін алға тартады.
Сонымен қатар, тағы бір америкалық ұшақ – A-10 Warthog шабуылдаушы ұшағы Ормуз бұғазы маңында апатқа ұшыраған. Оның ұшқышы құтқарылғаны белгілі болды. Дегенмен, бұл ұшақтың атып түсірілгені немесе техникалық ақаудан құлағаны әзірге нақтыланбады.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, ұшақтардың жоғалуы Иранмен келіссөздерге әсер етпейтінін айтты. «Бұл – соғыс», — деп қысқа қайырды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Иран Сауд Арабиясындағы әуе базасына соққы жасап, құны 500 миллион доллар тұратын АҚШ-тың Boeing E-3 Sentry (AWACS) барлау ұшағын жойғаны туралы ақпарат тараған болатын.

