Танымал ақын әрі журналист Танакөз Толқынқызы әлеуметтік желідегі сыни жазбасынан кейін полиция бөлімшесіне шақыртылды. 1 сәуір күні ол Астана қаласы Сарайшық ауданының полиция басқармасына барып, өз постына қатысты ресми түсініктеме берді.
Резонанс тудырған жазба 7 наурыз күні Facebook желісінде жарияланған. Автор өз жазбасында қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді өткір сынап, былай деп жазған еді:
«Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды. Себебі ол сапасыз, принципі жоқ надан ұлтқа айналған, өз тілінде сөйлемейді».
Сонымен қатар, ақын қоғамдағы «құлдық сана» мен «ұрлықтың» белең алуына налып, ұлттық болмыстың төмендеп кеткеніне кейіген. Бұл пікір желі қолданушыларын екіге жарды: бірі «ащы шындық» десе, екіншілері «тұтас ұлтқа тіл тигізу» деп айыптады.
Ақынның үстінен заңгер Нұрсұлтан Орынбеков eGov порталы арқылы ресми шағым түсірген. Осыған байланысты полиция қызметкерлері Толқынқызынан жауап алды. Ақынның өзі «Азаттық» радиосына берген сұхбатында жағдайды былай түсіндірді:
«Полицияның сұрақтарына жазбаша түсініктеме бердім. Өз тарапымнан қосарым, поста ешкімнің жеке басына өткен жоқпын, ешкімді қараламадым. Менің постымның ұлтаралық араздықты қоздыруға еш қатысы жоқ деп ойлаймын. Полиция бөлімшесінде әріқарай не болатынын, іс қозғалатынын я қозғалмайтынын айтпады. Тек eGov арқылы шағым түскен соң жауап беруге міндеттіміз деді».
Әзірге Танакөз Толқынқызына қатысты ешқандай қылмыстық немесе әкімшілік іс қозғалмаған. Полиция тек түскен арыз негізінде тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.
Бұл оқиға Қазақстандағы сөз бостандығы мен ұлттық намыс арасындағы шекара туралы қызу пікірталасты қайта жандандырды. Бір топ белсенділер ақынның сынын «ұлтты оятуға бағытталған жанайқай» деп бағаласа, заңгерлер мен арызданушы тарап мұндай мәлімдемелердің құқықтық салдары болуы тиіс деп санайды.
































