Еуропаға бет алған 40-қа жуық босқын қаза тапты

Еуропаға жақсы өмір іздеп аттанған заңсыз мигранттардың кезекті сапары қайғылы аяқталды. Бір тәулік ішінде Жерорта және Эгей теңіздерінде орын алған екі бөлек оқиға салдарынан 40-қа жуық адам опат болды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Euronews таратқан ақпаратқа сай, 1 сәуір күні Италияның жағалау күзеті Лампедуза аралына жақын маңда ішінде 77 адамы бар резеңке қайықты анықтады. Өкінішке қарай, құтқарушылар жеткенше қайықтағы 19 адам жан тәсілім еткен.

Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, өлімге теңіздегі қатты суықтан гипотермияға ұшырау және қайық түбіне жиналған жанармай (көмірсутек) буына улану секілді факторлар себеп болған.

Қазіргі уақытта құтқарылғандардың ішінде бес адамның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.

Тағы бір қайғылы жағдай Түркияның Мугла провинциясының жағалауында тіркелді. Ауғанстаннан шыққан мигранттар мінген қайық Түркия жағалау күзетінің тоқтау туралы бұйрығына бағынбай, қашуға әрекеттенген. Жоғары жылдамдықпен маневр жасау кезінде қайық аударылып кетті.

Бұл апаттың салдары 19 адамның өмірін қиды, арасында балалар да бар. 20-ға жуық адам судан аман алып шығылды.

Ресми мәліметтер бойынша, бұл топ Грекия аралдарына жетуді көздеген.

Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) мәліметі сұмдық цифрларды алға тартады: 2026 жылдың басынан бері Орталық Жерорта теңізі бағытында 624 мигрант суға кетіп немесе із-түзсіз жоғалып кеткен. Лампедуза аралы мен Эгей теңізі әлі де болса заңсыз көші-қонның ең қауіпті нүктелері болып тұр.

Ұқсас ақпараттар