Қырғызстанның экс-депутаты Шайырбек Тәшиев мемлекеттік «Қырғызмұнайгаз» компаниясындағы ірі көлемдегі жымқыру дерегі бойынша тұтқындалды. Бұл ақпаратты елдің Ішкі істер министрлігі ресми түрде растады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚК) төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің туған інісіне қатысты қылмыстық қудалауға Салық қызметі жүргізген тексеріс негіз болған. Тергеу болжамы бойынша, 2021-2025 жылдар аралығында «Қырғызмұнайгаз» ААҚ-да күмәнді делдалдық схемалар жұмыс істеп, шикізат негізсіз есептен шығарылып отырған.
Бұл заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекеттік қазынаға келтірілген шығын көлемі 4 миллиард сомнан (шамамен 20 миллиард теңгеден астам) асып жығылған.
Шайырбек Тәшиев Бішкек қалалық Ішкі істер бас басқармасының уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Айта кетерлігі, бұған дейін ол ІІМ-нің Тергеу қызметінде бірнеше мәрте жауап беріп, кейін босатылған болатын. Алайда істің жаңа мән-жайларына байланысты құзырлы органдар оны қамауға алу туралы шешім қабылдады.
Шайырбек Тәшиевтің депутаттық мандаты бұған дейін мерзімінен бұрын тоқтатылған еді. Қырғыз қоғамында ықпалды тұлға санатындағы Қамшыбек Тәшиевтің жақын туысының ұсталуы елдегі «жемқорлықпен ымырасыз күрес» науқанының жаңа кезеңі ретінде бағалануда.
Қазіргі уақытта «Қырғызмұнайгаз» төңірегіндегі алаяқтық схемаларға қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау бойынша жедел-тергеу амалдары жалғасып жатыр.
