Нұрай Серікбайдың өлімі: күдікті психиатриялық ауруханаға жөнелтілді

Шымкентте 21 жастағы бойжеткенді аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған 28 жастағы күдікті Алматы облысындағы арнайы медициналық мекемеге ауыстырылды. Резонанстық істің жаңа мәліметтерін Шымкент қалалық Полиция департаменті растады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Тергеу барысында күдіктіге екі рет сот-психиатриялық сараптама жүргізілген. Соңғы нәтижелер оның психикалық ауытқуы бар екенін көрсеткен. Осыған байланысты құзырлы органдар оны қатаң бақылаудағы мамандандырылған мекемеге орналастыру туралы шешім қабылдады.

«Екі мәрте жүргізілген сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық ауытқулар анықталды. Осыған байланысты ол мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді», — деп хабарлады Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметі.

Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл — тергеудің тоқтағанын білдірмейді. Күдікті ем қабылдап болған соң, тергеу амалдарын жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына кезең-кезеңімен қайтарылады.

Қазіргі уақытта 28 жастағы азамат Алматы облысы, Талғар ауданы, Ақтас ауылындағы республикалық психиатриялық ауруханада жатыр. Айта кетерлігі, бұл мекеме қарқынды бақылау жасалатын мамандандырылған типке жатады.

Алайда марқұмның жақындары мен адвокаты бұл жағдайға күмәнмен қарап отыр. Қорғаушы Аянхан Омаровтың айтуынша, күдікті бұған дейін Шымкентте ешқандай медициналық есепте тұрмаған. Ал Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай күдікті «ауру» кейпіне еніп, жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін деп қауіптенеді.

Айта кетейік, бұл трагедия биылғы жылдың 11 қаңтарында болған еді. Бейнебақылау камераларына ер адамның бойжеткенді соңынан қуып келіп, оған бірнеше жерден пышақ жарақатын салған сәті түсіп қалған. Қаскөй оқиға орнынан қашып кеткенімен, екі күннен соң қаладан 10 шақырым жерде ұсталды.

Қазіргі уақытта іс бойынша Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылып отыр:

  • 99-бап, 2-бөлім, 5-тармақ (Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру);

  • 125-1-бап (Некеге тұруға мәжбүрлеу);

  • 115-1-бап (Сталкинг/Ізіне түсу).

Ер адамның іс-әрекетіне қатысты түпкілікті шешім оның емі аяқталып, қайтадан сараптама жүргізілгеннен кейін қабылданады. Іс қоғам мен құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында.

Ұқсас ақпараттар