13,3 млрд теңге және 13 шетелдік бапкер: Қазақстан Милан олимпиадасына дайын ба?

6 ақпанда Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары басталады. Дүбірлі додаға санаулы күндер қалғанда Туризм және спорт министрлігі төрт жылдық дайындық кезеңінің қорытындысын шығарды.

Министрліктің мәліметінше, олимпиадалық цикл кезінде қысқы спорт түрлерін дамытуға және ұлттық құраманы дайындауға 13,3 млрд теңге жұмсалған. Бұл қаражат бюджеттен және демеушілер есебінен бөлінді.

Бөлінген миллиардтар негізінен мына бағыттарды қамтиды:

  • Спорттық құрал-жабдықтар мен экипировка алу;

  • Оқу-жаттығу жиындарын өткізу және халықаралық жарыстарға қатысу;

  • Спортшылар мен бапкерлердің (оның ішінде шетелдіктердің) жалақысы;

  • Медициналық және ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу.

Төрт жыл ішінде спортшыларымыз 612 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 434 халықаралық жарыста бақ сынаған. Бұл — лицензиялық турнирлерге қатысудың және тәжірибе жинаудың негізгі көрсеткіші.

Нәтижені жақсарту үшін Қазақстан құрамасына әлемнің үздік мамандары шақырылған. Атап айтқанда, Нидерланд, Германия, Ресей, Польша, Беларусь, Румыния, Болгария және Словениядан 13 жаттықтырушы-кеңесші тартылған. Олар отандық спортшыларды халықаралық стандарттар бойынша дайындауға атсалысты.

Қазіргі таңда елімізде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі бойынша дайындық жүргізілуде. Олардың қатарында:

  • Биатлон, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру;

  • Фристайл (могул, акробатика), шаңғы жарыстары;

  • Шайбалы хоккей, сноуборд және ски-альпинизм бар.

Еске сала кетейік, қысқы Олимпиада ойындары биыл 6-22 ақпан аралығында өтеді. Бұл жарыс — қыруар қаражат пен төрт жылдық еңбектің өтеуін көрсететін басты емтихан болмақ.

Ұқсас ақпараттар