Елена Рыбакина US Open-2026 турниріндегі жеңісі үшін 5,5 млн доллар жүлде алды. Бұл – кәсіби теннис тарихындағы бір турнир чемпионына төленген ең ірі төлем, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Финалда қазақстандық теннисші Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңіп, карьерасында алғаш рет US Open чемпионы атанды. Нью-Йорктегі жеңіс Рыбакинаға «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші титулымен қатар, қаламақы да әкелді. US Open-2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 108 млн долларды құрады, бұл өткен жылғы 90 млн доллардан 20%-ға артық.
Ұйымдастырушылар ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей турнирлердің жеңімпаздарына 5,5 млн доллардан қарастырды. Теңгеге шаққанда Рыбакинаның жүлдесі шамамен 2,48 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте, бұл сома салық төленгенге дейінгі мөлшер. Рыбакина өзінің рекордын жаңартты. US Open турниріне дейін Рыбакина ең ірі жүлдені WTA-2025 қорытынды турниріндегі жеңісі үшін алған болатын. Ол кезде қазақстандық теннисші барлық бес матчта жеңіске жетіп, 5,235 млн доллар табыс тапты – сол кезде бұл әйелдер теннисіндегі ең үлкен төлем еді.
US Open финалисі Соболенко 2,8 млн доллар алды, бұл чемпионнан екі есеге жуық аз. Рыбакина үшін US Open-2026 бірнеше себепке байланысты тарихи турнир болды. Нью-Йорктегі алғашқы титулы мен жүлдесінен басқа, турнир қорытындысы бойынша ол карьерасында алғаш рет WTA рейтингін басқарады.


