Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бапкерлер мен спортшылар қауымдастығымен тұрақты әрі ашық байланыс орнатуды тапсырды. Бұл туралы ол өңірлік спорт басқармалары, ведомствоға қарасты ұйымдар мен ұлттық спорт федерацияларының қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, орталық құрылымдар мен өңірлік мамандар арасындағы байланыстың әлсіздігі сенімсіздікке, кейде дау-дамай мен шиеленіске алып келіп жатады. Сондықтан жаттықтырушылар мен спортшылардың пікірін жүйелі түрде тыңдау маңызды деп санайды.
«Біз бапкерлер мен спортшылардың мәселесін сырттай емес, тікелей өздерінен естуіміз керек. Олардың ұсыныстары ескерілетін ашық жүйе қажет», – деді Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ министр шетелдік сарапшылар мен спорт ардагерлерін ұлттық федерациялар жұмысына белсенді тарту қажеттігін атап өтті. Бұл тәжірибе алмасуға ғана емес, бапкер мен спортшы мамандығының беделін арттыруға сеп болады деп есептейді.