Швеция парламенті қылмыстық жауапкершілік жасын 15-тен 14 жасқа дейін төмендетуді мақұлдады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Euronews хабарлауынша, бұл шешім үкіметтің ұйымдасқан қылмыспен және жасөспірімдер бандаларымен көпжылдық күресі аясында қабылданды. Бастаманы 281 депутат, оның ішінде оппозициялық социал-демократтардың өкілдері де қолдап дауыс берді. 66 парламентарий қарсы шықты. Бастапқыда Швеция үкіметі қылмыстық жауапкершілік жасын 13 жасқа дейін төмендетуді ұсынған болатын.
Алайда маусым айында билік бұл идеядан бас тартты, себебі парламентте қажетті қолдауды қамтамасыз ете алмады. Сонымен қатар, реформаны талқылауға қатысқан 126 ұйымның көпшілігі 13 жас шегіне қарсы шықты. Олардың арасында полиция мен пенитенциарлық қызмет те болды. Швеция он жылдан астам уақыт бойы қылмыстық топтар арасындағы жанжалдармен, соның ішінде есірткі нарығын бақылауға байланысты тартыстармен бетпе-бет келіп отыр. Билік бандалардың кәмелетке толмағандарды қылмыс жасауға белсенді түрде тартатынын бірнеше рет хабарлаған.
Премьер-министр Ульф Кристерссонның оңшыл-орталықшыл үкіметі 2022 жылы билікке келгеннен кейін қылмыспен күресті өз саясатының негізгі бағыттарының біріне айналдырды. Азшылық кабинеті «Швед демократтары» партиясының қолдауына сүйенеді. Үкімет тағайындаған комиссар бұған дейін қылмыстық жауапкершілік жасын 14 жас деңгейінде белгілеуді ұсынған болатын. Парламент сондай-ақ кәмелетке толмағандарға арналған жазаны қатайтып, оларға мерзім тағайындау кезіндегі жеңілдіктерді қысқартты.
Енді жасөспірімдерге 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Жаңа қағидалар 10 қыркүйекте — Швециядағы жалпыхалықтық сайлауға үш күн қалғанда күшіне енеді. Svenska Dagbladet газеті үшін Demoskop жүргізген сауалнама деректері бойынша, солшыл-орталықшыл оппозиция оңшыл партиялардан әлі де басымдықты сақтап отыр, алайда саяси блоктар арасындағы ажырау қысқаруда. Сауалнамаға сәйкес, билеуші коалицияны және оны қолдайтын оңшылдарды сайлаушылардың шамамен 47%-ы қолдауға дайын. Оппозициялық партиялар шамамен 51% дауыс жинауда.

