Әйелдер боксынан Қазақстан құрамасының құрамы толықтай анықталды. Барлық спортшы қыздардың көңіл-күйі жақсы және жарақаттары жоқ. Команда Азиада-2026-да сәтті өнер көрсетуге үміттенеді. Бұл туралы ҰОК-ке берген сұхбатында құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Ол Қазақстан құрамасының құрамын атады: 51 келіге дейін — Алуа Балқыбекова;
54 келіге дейін — Назым Қызайбай;
60 келіге дейін — Виктория Графеева;
65 келіге дейін — Аида Әбикеева;
75 келіге дейін — Наталья Богданова.
«Қатысушылар тізімін жасақтауда өткен жылғы әлем чемпионатының нәтижелері, сондай-ақ биылғы маусымдағы әлем Кубогы кезеңдерінің қорытындылары ескерілді», — деді Сайдалин.
Маман Азияда әйелдер боксы дамып келе жатқанын атап өтті. Аймақтағы негізгі қарсыластар қатарында ол Үндістан мен Қытай құрамаларын атады.
«Қазір біздің команда АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізуде. 4 тамыз күні Қазақстанға ораламыз. Одан кейін спортшы қыздар жеке бағдарлама бойынша дайындалып, біраз демалады. Келесі жиын 16 тамыз күні басталады. Оған Ресей мен АҚШ құрамалары қатысады. Ал 9 қыркүйек күні Жапонияға аттанамыз, онда дайындықтың соңғы кезеңі өтеді. Бейімделіп, Ойындарға дайындаламыз», — деді бапкер.
Оның айтуынша, қазақстандық спортшы қыздардың көңіл-күйі жақсы және жарақаттары жоқ.


