Қазақстанда Қашаған кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) халықаралық консорциумының мүлкі мен көлігіне тыйым салынды. Бұл туралы Әділет министрлігінің атқарушы өндіріс органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылған құжатта айтылған, деп Sayasatlive.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жарияланған құжатта қандай активтерге немесе көлік құралдарына тыйым салынғаны нақтыланбаған. Бұл ретте құжаттың 21 шілдеден бастап орындалып жатқаны көрсетілген. NCOC құрамына Shell, Eni, TotalEnergies және Exxon Mobil кіреді. Консорциум әзірге жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.
Бұған дейін Қазақстан үкіметі компанияны тым көп күкірт сақтағаны үшін 2,3 трлн теңге айыппұл төлеуге міндеттеген болатын. Оператор кінәсін мойындамай, халықаралық төрелікте талаптарға қарсылық білдіруде.
Шілде айында Қазақстан билігі экологиялық айыппұлды төлеуді талап ететінін мәлімдеді, ал консорциум даудың төрелік жазықтықта екенін көрсетті.

