Қазақстан мен Грузия автотасымалға рұқсаттарды электронды түрде алмасуға көшеді. Астанада өткен халықаралық автомобиль қатынасы мәселелері жөніндегі қазақстан-грузин аралас комиссиясының отырысында тараптар 22 шілдеден бастап e-Permit жүйесі арқылы рұқсаттарды электронды форматта сынақ режимінде беруге және алмасуға келісті, деп Sayasatlive.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Электронды құжат айналымына көшу әкімшілік рәсімдерді қысқартуға, тасымалдау процестерінің ашықтығын арттыруға және халықаралық тасымалдарды ресімдеуді жеделдетуге мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, тараптар электронды алмасуға толық көшкеннен кейін рұқсаттардың шектеусіз квотасын белгілеуге дайын екендіктерін растады. Жүк тасымалы көлемінің өсуін және Қазақстан мен Грузияның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін атап өтіп, 2026 жылға қосымша 6 мың рұқсатты өзара алмасу және 2027 жылға арналған алдын ала рұқсат квотасын 20 500 бірлік көлемінде белгілеу туралы шешім қабылданды, бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 6 мыңға артық.
Көлік министрлігі квотаның ұлғаюы халықаралық автомобиль тасымалдарына сұранымды қанағаттандыру және Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті.


