«Челсиге» ауысқан Дастан Сәтпаевтың болашағы қандай болмақ?

Қазақ футболы ешқашан талантты футболшыларға кенде болмаған. Әр жылдары ұлттық құраманың көшбасшылары, жас футболшыларға үлгі болатын кумирлері болды. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Соның айғағы ретінде елімізде жыл сайын талантты жас футболшылардың жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын айтуға болады.

Отандық футбол жанкүйерлеріне жақсы мәлім, бұрындары біздің футболшылар қанша талантты болса да, басым бөлігі ел ішінде қалып, шетелдік клубтарда өнер көрсетуге аса құлықты болмайтын. Соның салдарынан әлі күнге дейін бірде-бір жерлесіміз Еуропаның үздік лигаларындағы клубтарға ауыспаған.

Алайда кейінгі жылдары елімізде футболға жаңаша көзқараспен қарайтын, биік мақсат қоя білетін және қиындықтан қорықпайтын жас ойыншылар пайда бола бастады. Қазірдің өзінде бірнеше футболшымыз шетелдік клубтардың намысын қорғап жүр. Енді солардың қатарына Қазақстан ұлттық құрамасы мен Алматының «Қайрат» клубының шабуылшысы, дарынды жас футболшы Дастан Сәтпаев та қосылды.

Өткен айда Дастан ресми түрде «Челси» сапына қосылды. Қазіргі уақытта ол «Челсидің» жаттығу базасында жаңа маусымға дайындалып, командаға бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Бұған дейін клубтың бас бапкері Хаби Алонсо маусым алдындағы Азия турнесі басталғанға дейін оныменбірнеше апта жұмыс істейтіні хабарланған. Дастан Сәтпаевтың «Челси» ойыншысы ретіндегі ресми таныстырылымы тамыз айына жоспарланған. Сол кезде шабуылшы 18 жасқа толып, ағылшын клубымен жасасқан келісімшарты заңды күшіне енеді.

Отандық футболшының әлемдік алпауыт клубқа ауысуына Туризм және спорт министрі де пікір білдіріп, оның алдағы мансабына сәттілік тіледі.

«Еліміздегі ең дарынды жас футболшылардың бірі, Қазақстан ұлттық құрамасы мен Алматының «Қайрат» клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев мансабындағы жаңа белеске қадам басып, Англияның әйгілі «Челси» клубына ауысып жатыр. Бұл – отандық спорт тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі. Дастан ағылшын Премьер-лигасы клубының сапына қосылған тұңғыш қазақ футболшысы атанбақ. Бұл – оның талантының, тынымсыз еңбегінің және отандық футбол мектебінің әлеуетінің айқын дәлелі. Жаңа клубында табысты өнер көрсетіп, әлемдік футбол сахнасында Қазақстанның абыройын асқақтата беруіне тілектеспін. Оның «Челси» секілді әлемдік деңгейдегі азулы клубқа ауысуы еліміздегі мыңдаған жас футболшыға шабыт сыйлап, үлкен армандарға табандылық пен еңбек арқылы қол жеткізуге болатынын дәлелдей түсті!», – деді Ербол Мырзабосынов.

Жалпы отандық және шетелдік футбол мамандары Дастан туралы жылы пікір білдіріп жатыр. «Қайрат» футбол клубының президенті Қайрат Боранбаев клуб академиясының басты мақсаты тек талант табу емес, сол талантты жоғары деңгейге жеткізетін жүйе қалыптастыру болғанын айтады.

«Дастан біздің академияға сегіз жасар бала болып келді. Арада 10 жыл өткенде «Челси» сияқты әлемдік деңгейдегі клубқа ауысқалы отыр. Дастанның ерекше талант екенін ерте байқадық. Бірақ бала кезіндегі дарын – болашақтағы үлкен мансаптың кепілі емес. Табиғи қабілетті дұрыс бағыттап, жүйелі түрде дамыту қажет. Ең бастысы – мұндай ойыншыларды жоғалтып алмау керек. Өйткені 17-18 жасқа жеткенде жарақаттан немесе шамадан тыс жүктемеден футболдан алыстап кететін таланттар аз емес. Жергілікті балаларға мүмкіндік беру – біздің жауапкершілігіміз», – дейді Қ. Боранбаев.

Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесов те Сәтпаевтың әлеуетіне жоғары баға берді.

«Әрине, біз Дастанды жақсы білеміз. Оның «Қайраттағы» ойындарын үнемі бақылап, бапкерлер штабымен бірге талқылап отырдық. Бірақ кез келген футболшының дамуы өз кезеңімен жүруі керек. Сондықтан оның алдымен «Қайраттың» негізгі құрамында орнығып, маңызды қадамдарын сонда жасағаны дұрыс болды. Жалпы оның таланты екені бірден байқалады. Жас футболшының мұндай деңгейде тұрақты түрде гол соғуы кездейсоқ емес. Оның үстіне, физикалық тұрғыдан да өз жасындағы ойыншылардан ерекшеленеді. Алдағы уақытта оның мансабы қалай өрбитінін көреміз. Қазір нақты жоспарлары қандай екенін білмеймін», – деген еді С.Черчесов.

«Челси» неге Дастанды таңдады?

Қайрат Боранбаевтың айтуынша, «Челси» клубының скауттары Дастанды 14 жасынан бері бақылып келгенін, екі жылдық сынақтан соң 2024 жылдың соңында «Челси» клубының өкілдері ресми ұсыныспен шыққанын айтады.

«Челси» тарапынан Дастан Сәтпаевқа қызығушылық болғанын естігенде, алғашында өзіміз де таңғалдық. Кейін белгілі болғандай, лондондық клуб оны 14 жасынан бастап бақылап келген. Қазір «Челси» Орталық Азия нарығына ерекше назар аударып отыр. Әсіресе Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы жас таланттарды жүйелі түрде қадағалайды. Бұл бағытта клубтың скауттары бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді», – дейді Қайрат Боранбаев.

Сондай-ақ шетелдік футбол мамандары «Челси» клубының скауттарын оның бірнеше қасиеті ерекше тәнті еткенін айтады. Біріншісі – айып алаңындағы қозғалысы. Сәтпаев алаңда бос кеңістікті өте жақсы сезеді және доп түсер аймақты алдын ала оқи алады. Екіншісі – допсыз еркін өнер көрсетуі. Қазіргі футболда шабуылшы тек гол соғушы емес, қорғанысты бұзатын алғашқы прессинг ойыншысы болуы керек.

Сараптамалық платформалар оны аласа бойлы, бірақ агрессиясы жоғары, аяқпен жұмыс істейтін, кеңістікті жақсы пайдаланатын шабуылшы ретінде сипаттап, ойын мәнері бойынша Серхио Агуэро стилімен салыстырады.

Сәтпаев «Челсидің» негізгі құрамына іліге ала ма?

Қазіргі таңда отандық футбол жанкүйерлерін алаңдатқан басты сұрақ – Сәтпаев «Челсиде» негізгі құрам ойыншысына айнала ала ма? Әрине, бұл сұраққа қазір нақты жауап беру қиын. Өйткені барлығы Дастанның өз қолында.

Егер алдағы оқу-жаттығу жиыны кезінде өзін бас бапкер Хави Алонсоға жақсы қырынан көрсетіп, клубтың негізгі құрамына үміткер екенін дәлелдесе, ротацияға ілігуі мүмкін. Бірақ бұл оңай емес. Өйткені Англия чемпионатының қарқыны мен физикалық деңгейі Қазақстан лигасынан бірнеше есе жоғары, мұнда футбол деңгейі мүлде бөлек.

Жалпы, Дастан Сәтпаевтың алдында екі ықтимал сценарий бар. Біріншісі – жалға кету. Бұл шындыққа көбірек жақын. Себебі Еуропадан тыс елдерде туған футболшылардың бейімделуі өте қиын жүреді. Оның үстіне «Челси» секілді алпауыт клубта бірден ойнап кету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тіпті Еуропада туған футболшылардың өзі де мұндай деңгейге бірден дайын бола бермейді.

Сондықтан «Челси» кейінгі жылдары көптеген жас футболшыны тәжірибе жинақтау үшін басқа еуропалық клубтарға жіберіп келеді. Отандық БАҚ «Челси» клубы Дастанды Францияның «Страсбур» клубына жалға беруі мүмкін екенін жазып жатыр.

Екінші сценарий – клуб жүйесінде қалып, ұзақ бейімделу кезеңінен өту. Кобхэмдегі жаттығу базасында дайындалып, жастар құрамасында ойнап, кейін біртіндеп негізгі командаға өту. Бір қызығы, Сәтпаевтың өзі де бұған дейін берген пікірінде клубтың жастармен жұмыс істеу жүйесіне сенетінін айтып, қажет болса жалға кетуге дайын екенін жеткізген.

Жалпы Дастанның «Челсиге» ауысуы – отандық спорт тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі. Егер ол Еуропада орнығып, шетелдік мамандардың көзіне жақсы қырынан түсетін болса, қазақстандық академияларға деген көзқарас та өзгереді. Скауттар біздің нарыққа басқаша қарай бастайды.

Дастан Лондонда тек жоба болып қала ма, әлде бір күні «Стэмфорд Бридждегі» негізгі құрамның шабуылшысы атана ма – ол енді уақыттың еншісіндегі мәселе. Ал біз отандасымызға тек сәттілік тілейміз.

Ұқсас ақпараттар