Қазақстанға ресми сапары аясында Черногория Президенті Яков Милатович жұбайы Милена Милатовичпен бірге Қазақстан Республикасының Ұлттық музейін аралады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Экскурсия барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қонақтарға музейді таныстырды.
Мәртебелі меймандарға Ұлттық музей экспозициялары көрсетілді. Олардың қатарында түркі халықтарының материалдық және рухани мұрасын танытатын Ұлы дала тас мүсіндері залы, бірегей археологиялық жәдігерлер сақталған Алтын залы және Есік қорғанынан табылған әлемге әйгілі «Алтын адам» экспозициясы бар.
Экскурсия соңында Яков Милатович музейдің Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.


