Алматы облысында 251 млн теңге көлеміндегі субсидияны заңсыз алғандар сотталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «БАҒДАУЛЕТ и ПК» және «АМАНТАУ-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшылары мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы екі жыл бойы субсидияларды заңсыз иемденіп келген, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Тергеу барысында олар ауыл шаруашылығы басқармасына шикі сүт сатып алу, сары май мен қатты ірімшік өндіру және сату жөнінде жалған ақпарат ұсынғаны анықталды. Осы құжаттардың негізінде бюджеттен 251 миллион теңгеден астам қаражат төленген.

Алайда кооперативтердің аталған қызметтерді жүзеге асыруға қажетті өндірістік базасы, құрал-жабдықтары мен жұмыс күші болмаған.

Сонымен қатар тергеу кезінде жалған мәмілелерді рәсімдеу үшін пайдаланылған «ComputerService» жеке кәсіпкерлігі арқылы жалған электрондық шот-фактуралар жазылғаны белгілі болды. Соның салдарынан мемлекетке төленуі тиіс салық көлемі 416 миллион теңгеден асқан.

Сот қылмыстық схемаға қатысы бар екі адамды 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ олардың иелігіндегі BMW автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.

Ұқсас ақпараттар