Әл-Фараби даңғылында болған жол апатында қаза тапқан 20 жастағы Т.К-ның әкесі сотталушыны кешірмейтінін және оған қатаң жаза тағайындалуына қол жеткізу үшін бар күшін салатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
8 маусым күні Т.К-ның анасы да талап-арызынан бас тартып, моральдық және материалдық шығын үшін өтемақы алғанын растаған әрі соттан айыпталушыға шартты жаза тағайындауды сұраған.
Алайда қыздың әкесі бұл ұстаныммен келіспейді.
«Бұл әйел менімен тоғыз жыл бұрын ажырасқан. Қызымды дүниеге келген күнінен бастап өзім өсірдім, киіндірдім, тәрбиеледім, оқыттым. Ол – менің тұңғышым. Мен жерлеу рәсімдері мен ас беру жұмыстарымен жүрген кезде, ол полицияға барып, өзін жәбірленуші ретінде танытып, сотқа дейін жетіп үлгерген», – деді ол.
Марқұмның әкесінің айтуынша, айыпталушы оның бұрынғы жұбайына қомақты қаржы төлеген.
«Айыпталушының анасы маған 10 миллион теңге ұсынды. Маған оның миллиондары керек емес, маған балам керек. Мен оны кешірген жоқпын және ешқашан кешірмеймін. Мен Тараздағы ата-анасының үйіне бардым. Оның әкесі менен көз жасын төгіп кешірім сұрады», – деді ол.


