Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында 20 жастағы Мейіржан Рүстемнің өліміне байланысты іс қоғам назарын аударды. Марқұмның туыстары қылмысқа күдікті ретінде ұсталған 16 жастағы інісінің бұл іске қатысы жоқ екенін айтып, тергеудің әділ жүргізілуін талап етуде, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Отбасының айтуынша, оқиға алдында олардың үйіне екі күн қатарынан белгісіз біреулер түсіп, аздаған қаражат жоғалған. Осыдан кейін ұрыны анықтау мақсатында Мейіржан үйдің сыртында қонып жүрген. Алайда келесі күні ол із-түзсіз жоғалып кеткен.
Арада екі күн өткенде жас жігіттің денесі ауылдағы орталықтандырылған су жүйесінің құдығынан табылған. Туыстары оның зорлық белгілерімен көз жұмғанын айтып отыр.
Марқұмның анасы Кенже Дүйсекеева тергеу барысында көптеген сұрақтың жауапсыз қалғанын жеткізді. Оның сөзінше, бастапқыда күдік әкесіне түскен, кейін ол босатылып, күдік отбасының кенже ұлына ауған.
Ал әкесі Ғани Жұпарбаев 16 жастағы баласының мұндай ауыр қылмыс жасауға шамасы жетпейтінін айтып, құқық қорғау органдарының әрекетіне алаңдаушылық білдірді.
Өз кезегінде Қызылорда облыстық полиция департаменті іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
– Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – деді облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Бексейтов.
Бір ұлынан айырылған отбасы енді күдікті ретінде ұсталған екінші баласының тағдырына алаңдап отыр. Олар істің әділ әрі жан-жақты зерттелуін сұрайды.

