Танымал FlashScore статистикалық порталы «Қайрат» пен Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбековті 2025/2026 жылғы Чемпиондар лигасы маусымының үздік ойыншылар құрамына енгізді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Портал жасаған символикалық құрамда «Бавария», «Пари Сен-Жермен», мадридтік «Реал» және «Барселона» секілді еуропалық алып клубтардың жұлдыздары бар. Олардың қатарында Харри Кейн, Килиан Мбаппе, Ламин Ямаль және Хвича Кварацхелия сияқты футболшылармен бірге қазақстандық қақпашының да аталуы жанкүйерлер назарын аударды.
FlashScore сарапшылары Анарбековтің жоғары рейтинг алуын оның Чемпиондар лигасындағы сенімді ойынымен байланыстырды. Порталдың жазуынша, «Қайрат» турнирдің жалпы кезеңінде соңғы орын алғанымен, қарсыластар тарапынан қақпаға көп соққы бағытталуы қазақстандық қақпашының шеберлігін көрсетуіне мүмкіндік берген.
«Анарбеков ең жоғары рейтинг алған қақпашы болады деп кім ойлаған? “Қайрат” топтық кезеңде соңғы орын иеленді, бірақ команданың әлсіздігі және қақпаға көп соққы жасалуы оның өзін көрсетуіне әсер еткен болуы мүмкін», – деп жазды портал.

