Жыл сайын қадағалау шаралары арқылы 1 миллионнан астам кәмелетке толмағандардың құқығы қорғалуда, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Бас прокуратура мәліметінше, жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 1 034 жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 1,3 мыңнан астамы оны алу кезегіне қайта қойылды.
Қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыру мақсатында 17 мың білім беру ұйымы тексерілді. Балалардың физикалық және ақпараттық қауіпсіздігі, санитарлық-гигиеналық жағдайы, сондай-ақ қаржылық тәртіп саласындағы көптеген бұзушылықтар жойылды.
Қабылданған шаралармен 63 мектеп бойынша мәселелер шешіліп 31 мың бала үшін қолайлы жағдай жасалды.
Мектептерде бейнебақылау жүйелері орнатылды, олардың басым бөлігі полицияның жедел басқару орталықтарына қосылды.
Оқу орындарының кадрлық құрамы тексерілді. Тексеру нәтижесінде бұрын қылмыс жасаған, сондай-ақ психоневрологиялық және наркологиялық есепте тұрған адамдар білім беру ұйымдарынан шығарылды.
Жазғы кезеңдегі балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Балалар лагерлері қызметін міндетті лицензиялау енгізілді. Бұл шара демалысты ұйымдастыру сапасы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында 207 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

