31 мамырдан бастап Алматы тұрғындары Польша астанасы Варшаваға тікелей рейспен қатынай алады. Жаңа бағытты Польшаның ұлттық әуе тасымалдаушысы LOT Polish Airlines іске қосып отыр, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Әуе рейстері заманауи Boeing 737 MAX ұшақтарымен аптасына төрт рет орындалады. Бұл бағыт Қазақстан мен Польша арасындағы туристік, мәдени және іскерлік байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, халықаралық әуе қатынасын дамыту қаланың басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Соңғы жылдары Алматыдан шетелдің түрлі қалаларына ашылған жаңа рейстер жолаушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға да оң әсерін тигізуде.
Мамандардың айтуынша, Варшава бағытының ашылуы қазақстандықтарға Еуропа елдеріне саяхаттауды жеңілдетсе, шетелдік туристер үшін Алматыға келуді қолжетімді ете түседі. Сондай-ақ бұл рейс бизнес өкілдері мен студенттер үшін де тиімді болмақ.
Қала әкімдігі жаңа бағыттардың іске қосылуы Алматының халықаралық көлік-логистикалық және туристік хаб ретіндегі рөлін күшейтіп, оның Орталық Азиядағы жетекші мегаполистердің бірі ретіндегі позициясын нығайта түсетінін атап өтті.


