Сенат басшысы: Пара беруге уәде еткеннің өзі — қылмыстық жауапкершілік

Сенат аппаратының басшысы Максим Споткай елімізде пара беруге уәде еткен адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.

Ол Telegram-дағы парақшасында сенаторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша және соған ілеспе бірқатар заңдарды қабылдағанын хабарлады.

Жаңа нормалар жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға, жауапкершілікті күшейтуге және мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы мүдделер қақтығысын жоюға бағытталған.

«Мүдделер қақтығысының алдын алудың толыққанды тетігі енгізіледі, мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларға қызметтік өкілеттіктерін жеке мүддесіне пайдалануға тыйым салынады. Жеке мүдделерді декларациялау міндеті белгіленеді және мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда әрекет етудің нақты тәртібі айқындалады» деп жазды ол. 

Сонымен қатар туыстар мен байланысты тұлғалардың бірге қызмет атқаруына қойылатын шектеулер күшейтіледі. Бұл шектеулер енді тек тікелей бағыныштылыққа ғана емес, сондай-ақ жанама ықпал ету, ішкі бақылау, кадрлық сүйемелдеу және өзге де әсер ету түрлеріне қатысты қолданылады.

Ұқсас ақпараттар