Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы енді кемінде үш жылда бір рет міндетті түрде көтеріліп отырады. Бұл норма Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заңда бекітілді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Құжат «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға және мемлекеттік қызмет саласына қатысты бірқатар заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістерді қамтиды.
Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер үшін әлеуметтік қолдау шаралары да кеңейтіледі. Атап айтқанда, басқа өңірге қызмет бабымен қоныс аударған азаматтарға тұрғын үй төлемдері қарастырылып, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар олардың балаларын балабақшаға кезектен тыс орналастыру құқығы енгізіледі.
Сондай-ақ еңбек өтілі 25 жылдан асқан және мемлекеттік марапаттары бар қызмет ардагерлеріне зейнетке шыққан кезде біржолғы төлем жасау көзделген.
Билік бұл өзгерістер мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырып, кадр тұрақтылығын күшейтуге бағытталғанын айтады.
