«Музей түні — 2026»: Елордада ауқымды мәдени акция өтеді

Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде 18 мамыр — Халықаралық музейлер күніне орай дәстүрлі «Музей түні — 2026» мәдени-танымдық акциясы ұйымдастырылады, деп хабарлайды sayasatlive.kz.

«Әрқилы әлемді бір арнаға тоғыстырған музейлер» тақырыбындағы шара сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін жалғасады (кешкі бағдарлама 18:00-де басталады). Мәдени шараны танымал теле-радио жүргізушісі Берік Көшербекұлы мен көркемсөз шебері Ақбөбек Қайыржанова жүргізеді.

Акция аясында келушілерге мынадай бірегей көрмелер ұсынылады:

  • «Масатыдай құлпырған…»: Музей қорындағы ХХ ғасырдың басынан сақталған 300-ден астам кілем қойылады. Басты жәдігер — Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен қайта тоқылған, ұзындығы 10 метрлік «Сыр кілемі».

  • «Бірегей!»: ХІІ ғасырдан бастау алатын антикварлық бұйымдар, гауһар тасты әшекейлер, Императорлық фарфор зауытының керамикасы мен тұңғыс шаманының киімі көрсетіледі.

  • «Төсбелгілердегі тарихи-деректік көріністер»: Еліміздің спорт, білім, мәдениет тарихынан сыр шертетін 3600-ден астам сирек төсбелгі таныстырылады.

  • «Ұлттың үнбайрағы»: Қазақ радиосының 105 жылдығы мен «Шалқар» радиосына 60 жыл толуына арналған. Мұнда Тамты Ибрагимованың мұрасы мен Өзбекәлі Жәнібековтің «Sanyo» радиоқабылдағышы қойылып, «Алтын қордағы» Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Әуезовтердің дауысы тыңдалады.

  • «Ғасыр жасаған ұлт театры»: М. Әуезов театрының 100 жылдығына орай Шолпан Жандарбекова, Қалибек Қуанышбаев, Асанәлі Әшімов киген тарихи сахналық киімдер мен шапандар қойылады.

  • «Азия өнері»: Еліміздің әр өңірінен келген заманауи суретшілер мен мүсіншілердің арт-жобасы.

«Музейге сый» акциясы аясында Алтынбек Қоразбаев пен Сәуле Жанпейісова өз аспаптары мен костюмдерін, ал Паралимпиада жүлдегері Теміржан Дәулет спорттық жәдігерлерін музей қорына тапсырады. Сондай-ақ «Museum Fest» халықаралық фестивалі де өтпек.

Мәдени бағдарламалар мен ойын-сауық шаралары:

  • Қойылымдар мен фильмдер: «Алтын Орда» залында Абай атындағы ҚазҰПУ студенттерінің тарихи қойылымы, «Жанды музей» театрландырылған экскурсиясы (Томирис, Алтын адам, хандар), Қуыршақ театрының өнері және «Қазақфильм» туындыларының кинокөрсетілімі.

  • Концерттер: Музей алдында заманауи әншілердің концерті, «Ақжауын» камералық оркестрі, Сәуле Жанпейісова мен шәкірттерінің әні және қияқты саз аспаптарының классикалық кеші.

  • «Жұлдызды гид»: Радио көрмесінде Сауық Жақанова мен Аманжан Еңсебайұлы, ал театр көрмесінде танымал актерлер экскурсия жүргізеді.

  • Шеберлік сағаттары мен интерактив: Кілем, шым ши, сырғалақ тоқу, құмыра жасау, киіз басу, көне түркі руникалық жазуы бойынша шеберлік сыныптары, квесттер, «Кім жылдам?» викторинасы мен тоғызқұмалақ ойыны. Реставраторлар да өз жұмысын таныстырады.

  • Технология мен мерч: Робот шоу, VR арқылы тарихқа саяхат және «Музей түні — 2026» брендімен арнайы шопперлер мен футболкалар сатылады. Алматы музейімен арада арнайы экскурсиялық маршрут та әзірленген.

Ұқсас ақпараттар