2027 жылғы 22-30 мамыр аралығында Астана қаласында үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды sayasatlive.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
10 мамырда Лондонда өткен командалық әлем чемпионатында Қазақстанға ITTF туы ресми түрде табыс етілді. Бұл рәсім еліміздің әлемдік деңгейдегі жарысты өткізуге дайындығы басталғанын білдіреді. Қазақстан бұл құқықты 2025 жылы федерацияның Бас ассамблеясында Францияны 111 дауыспен артқа тастап, жеңіп алған болатын. Сонымен қатар мұндай жаһандық доданы қабылдайтын Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болмақ.
Болжам бойынша, елордаға әлемнің түкпір-түкпірінен 1250-ге жуық делегат, оның ішінде спортшылар мен төрешілер келеді. Қазіргі таңда елімізде 260 мыңнан астам адам бұл спорт түрімен тұрақты айналысады, ал кәсіби теннисшілер саны 10 мыңнан асқан. Республика бойынша 12 мамандандырылған орталық жұмыс істеп тұр, алдағы уақытта Қостанай, Орал, Семей және Алматы қалаларында жаңа кешендер бой көтермек.
Соңғы жылдары елімізде 30-ға жуық үстел теннисі бөлімшесі мен 35 арнайы зал ашылған. Сонымен қатар «Балабақшадан басталатын үстел теннисі» жобасы аясында бүлдіршіндер де спортқа тартылып жатыр. Қазақстандық спортшылар да нәтижесіз емес: 2025 жылдың өзінде халықаралық турнирлерден 47 медаль еншілеп үлгерді.
Айта кетейік, 2024 жылы Астанада үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты жоғары деңгейде өткен болатын. Сол кездегі ұйымдастыру жұмыстары мен елдегі спорттық инфрақұрылымның дамуы әлем чемпионатын өткізуге негізгі себеп болды.

