Орташа жалақы 461 мың теңге, халықтың сатып алу қабілеті қандай?

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы үш айында орташа айлық жалақы 461 486 теңге болды. Ресми статистика бойынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,1 пайызға жоғары, деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Бірақ жалақының өсуі халықтың тұрмысын айтарлықтай жақсартпай тұр. Себебі инфляцияны есептегендегі нақты жалақы индексі 97,7 пайызды көрсетті. Бұл қазақстандықтардың табысы көбейгенімен, оған алатын тауар мен қызмет көлемі азайғанын білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, қымбатшылық жалақы өсімін «жеп қойған».

Статистикадағы тағы бір маңызды көрсеткіш – медианалық жалақы. Елдегі орташа жалақы 461 мың теңге болғанымен, халықтың басым бөлігі алатын табыс 331 527 теңге деңгейінде. Бұл ресми орташа көрсеткіш пен нақты халық табысының арасында үлкен айырмашылық бар екенін көрсетеді.

Жалақы ең көп өскен салалар қатарында ауыл, орман және балық шаруашылығы бар. Бұл бағыттағы өсім 20,3 пайызға жеткен. Қаржы және сақтандыру саласында да жалақы артқан. Ал білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы өсім баяу болған. Мысалы, мұғалімдердің жалақысы бір жылда небәрі 4,2 пайызға ғана көбейген.

Өңірлер арасында жалақы өсімі бойынша Абай облысы алда тұр. Сондай-ақ Павлодар, Жетісу және Алматы облыстарында да көрсеткіш республикалық деңгейден жоғары болған. Алайда сарапшылар бұл өсім халықтың нақты әл-ауқатын көтеруден гөрі, күнделікті қымбатшылықтың орнын толтыруға кетіп жатқанын айтады.

Ұқсас ақпараттар